Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

КІТАП ӘЛЕМІ: ОЙЛЫ ҰРПАҚ АЛАҢЫ

Бүгін Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта «Кітап әлемі: ойлы ұрпақ алаңы» атты кітапханалық вайб шарасы ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында өткен мәдени шараның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты жаңа форматта қалыптастыру.

Шара барысында Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының арнайы кітап экспозициялары ұсынылды. Қонақтар Жамбыл Жабаевтың құнды жинақтарымен танысып, «Жыр алыбы – Жамбыл: кітап әлеміне саяхат», «24 қаламгер – 24 әдеби әлем», «Жаңа форматтағы кітап: ЖИ мүмкіндіктері» көрмелерін тамашалады.

Сонымен қатар Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің «Кітап – асыл қазына» әдеби алаңы жұмыс істеді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Зерде – ойын алаңында» «Мақалды тап», «30 секундтық оқырман», «Кім жылдам?», «Кітапты тап» сияқты интерактивті ойындар ұйымдастырылып, жас оқырмандардың білімін, зеректігін және кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған тапсырмалар ұсынылды.

Шараның ерекше алаңдарының бірі – Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Тактильді аймағы» болды. Қатысушылар тактильді кітаптармен және арнайы басылымдармен танысып, кітап әлемінің баршаға ортақ екенін сезінді.

Сондай-ақ «Book асхана – Алдар Көсе дастарханы» алаңында әдеби шығармалардағы ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерге байланысты танымдық сұрақтар қойылып, қатысушылар ұлттық дәмдерден ауыз тиді.

«Табиғаттағы кітапхана» аудиокітап алаңында келушілер табиғат аясында әдеби шығармаларды тыңдап, кітапты қабылдаудың заманауи тәсілдерімен танысты.

Шара аясында кітап жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, тұрғындарға кітап сатып алуға және кітапханаға оқырман ретінде тіркелуге мүмкіндік берілді.

 «Кітап әлемі: ойлы ұрпақ алаңы» – кітапхананың дәстүрлі форматтан шығып, заманауи қоғамдық кеңістікке айналуының, кітапты әр жастағы оқырманға қолжетімді әрі қызықты түрде ұсынудың жарқын үлгісі.

Шараға қатысушылар кітап көрмелерін тамашалап қана қоймай, әдеби ойындарға қатысып, аудиокітап тыңдап, тактильді басылымдармен танысып, кітап әлемін жаңа қырынан таныды.

  

Яндекс.Метрика