Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай «Өзбекәлі мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Өзбекәлі Жәнібеков – қазақтың ұлттық мәдениеті мен руханиятын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Ол ұлттық қолөнерді, дәстүрлі өнерді, қазақтың ұлттық киімдерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын зерттеп, жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында ерен еңбек етті.
Қайраткердің «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» сынды еңбектері – ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеуге жол ашатын құнды мұра.
Дөңгелек үстел барысында Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмір жолы, мемлекеттік қызметі, этнографиялық зерттеулері, ұлттық мәдениетті дамытудағы еңбегі және тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы қызметі кеңінен сөз болды.
Өзбекәлі Жәнібековтің есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет ете бермек.
