Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана өзінің тарихын 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана ретінде ашылуынан бастайды. Сол кезде кітапхананың кітап қоры 460 кітап, 4 газет және 10 журналдан құралған болатын. 1920 жылы кітапханада кітапхана меңгерушісі мен кітап түптеуші кітапханашы қызмет атқарған. 1930 жылдары кітап қорлары 12 мың данаға жетіп, балаларға арналған басылымдарға ерекше көңіл бөлінген.
1940 жылы 7 наурызда Жамбыл облысы құрылғаннан кейін кітапхана қызметінде айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Жамбыл облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитеті мен облыстық халыққа білім беру бөлімінің бұйрығымен кітапхана қорындағы балалар әдебиеті толықтай жаңадан ашылған балалар кітапханасына бөлініп берілді.
1965 жылы кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілді. 1970 жылы кітапхана Ы. Сүлейменов көшесі бойындағы арнайы соғылған екі қабатты ғимаратқа көшірілді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 255 аудандық, 17 қалалық және 3 облыстық кітапхана, барлығы 275 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде.
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітап қоры 274 157 дананы құрап, оның ішінде 95 936 данасы мемлекеттік тілдегі басылымдар болып табылады. Кітапхана жыл сайын 27 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді.
Оқырмандар мен келушілерге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында кітапханада Релакс алаңы, Бродкастинг залы, Коворкинг залы, сондай-ақ инновациялық форматтағы «Ашық кітапхана» – кітапханашысыз кітапхана залы жұмыс істейді. Бұл кеңістіктер шығармашылықпен айналысуға, еркін пікір алмасуға, цифрлық контент жасауға және өзін-өзі дамытуға бағытталған. Аталған заманауи залдар кітапхананы тек оқу орны ғана емес, білім, шығармашылық және еркін ой алаңына айналдырып, жастар мен қауым үшін ашық мәдени орталық ретінде қызмет етеді.
Оқырмандарды жан-жақты, интеллектуалды дамыған тұлға ретінде тәрбиелеу мақсатында кітапханада бірқатар мазмұнды жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. «Әулиеата – кітап оқитын өңір», «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Артық білім кітапта...» жобалары жүзеге асуда.
Тарихи сана мен ұлттық жадыны жаңғыртуға арналған «Ақтарылған архив, тасқа басылған тарих», азаматтық көзқарас пен кәсіби бағдарды қалыптастыруға бағытталған «Журналистика – төртінші билік», отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Отбасы – бақыт мекені», еңбек пен кәсіп мәдениетін дәріптейтін «Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі», сондай-ақ өнер мен шығармашылықты танытатын «Өнердегі өмір өрнегі» жобалары оқырман қауымға кеңінен ұсынылуда.
Өлкетану бағыты бойынша «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары жүзеге асырылып, туған өлкенің тарихы, тұлғалары мен рухани мұрасы кеңінен насихатталуда.
Сирек кездесетін кітаптардың электрондық коллекцияларын жинау, есепке алу, сақтау және тиімді пайдалану бағытындағы ғылыми кітапхана жұмыстарының үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы жүзеге асырылуда.
Кітапхана тарапынан 84 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшарт жасалып, олардың 195 шығармасының электрондық нұсқалары цифрландырылып, кітапхананың ресми сайтына орналастырылды.
Кітапханада рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Мәңгілік ел – қазақ әдебиетінің алтын арқауы», «Бабалар ісі – өнеге, сөзі – өсиет», «Бақытың да, байлығың да – Денсаулық», «Тарихқа тағзым – болашаққа бағдар», «Қазақ мәдениеті – көне түркі өркениетінің жалғасы» атты мақсатты кітапханалық бағдарламалар аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Қаламгер», «Жас саясаткер», «Дәстүр», «Дария» қызығушылық клубтары тұрақты түрде жұмыс істейді.
Жамбыл облысында 2025 жыл – Кітап оқу жылы болып жариялануына орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне арналған «КІТАП – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ» AULIEATA BOOK республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды.
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 85 жылдық мерейтойына орай «Цифрлы қоғам және кітапхана» тақырыбында республикалық кітапханашылар конференциясы 2025 жылғы 5 қарашада өтті. онференцияға еліміздің 10 облысы мен 4 қаласынан келген 300-ден астам кітапханашы қатысып, кітапхана саласындағы цифрландыру, заманауи қызмет көрсету және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
«Aulieata Library» («Әулиеата кітапханасы») мобильді қосымшасы 2025 жылы еркін кітап оқу құралы ретінде іске қосылды. Қазіргі таңда қосымшаға 115 автордың 276 электрондық кітаптары енгізілген, олар пайдаланушыларға тегін қолжетімді болып табылады.
Жамбыл облыстық мемлекеттік кітапханалары жанынан 219 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары жұмыс істейді, оның ішінде 187 цифрландырылған ақпараттық орталық және 32 коворкинг орталығы бар.
Екі жыл сайын «Үздік ауылдық кітапхана» және «Кітапханашы – ХХІ ғасыр мамандығы» атты дәстүрлі облыстық «Жыл маманы» байқаулары өткізіледі. Кітапханада қалалық және аудандық комплектаторлар мен библиограф мамандарына арналған арнайы «Комплектатор» және «Библиограф» мектептері жұмыс істейді.
1973-1974 жж. Жамбыл облысы Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында депозитарлы қор ашылған. Депозитарлы қордың аса құнды 600 кітаптың атаулары Алматыдағы «Кітап мұражайының» каталогына енгізілген. Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының қорына 27 дана сирек кездесетін кітаптардың электронды нұсқасы жіберілді.
Кітапхана басшылары:
1970-1980 жылдары - Шаханова Жатбала Шаханқызы,
1981-1990 жылдары - Маусымбаева Клара Хамитқызы,
1990-2005 жылдары - Балқыбекова Жеңіскүл Аққазқызы,
2005-2012 жылдары - Нұргелдинова Риза Кеңесбекқызы,
Қазіргі уақытта 2012 жылдың ақпан айынан Абдинова Эльмира Елеусізқызы басқарады.