Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ШУ АУДАНЫНДА «ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ КІТАПХАНА РӨЛІ: БОЛАШАҚ ТРЕНДТЕР» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ФОРСАЙТ-СЕССИЯ ӨТТІ

Шу аудандық мәдениет үйінде «Цифрлық дәуірде кітапхана рөлі: болашақ трендтер» тақырыбында облыстық форсайт-сессия өтті.

 

Іс-шараның мақсаты – кітапхананың қазіргі қоғамдағы рөлін айқындау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін талқылау, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін дамытудың жаңа бағыттарын қарастыру.

Форсайт-сессияны Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаев ашып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Сессия модераторы – Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова.

 

Іс-шара барысында кітапхана саласын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ұлттық мұраны сақтау және оқырманның оқу сауаттылығын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

 

Сессия аясында бірқатар өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар ұсынылды: «Деректерге негізделген цифрлық трансформация: ЖИ көмекшілері және аналитикалық дашбордтар» тақырыбында Жамбыл облысының цифрландыру және архивтер басқармасына қарасты «Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ деректерді басқару және жасанды интеллект бөлімінің инспекторы Молдахан Жандос Жеңісұлы баяндама жасады.

«Ұлттық мұраны жаңғыртудағы ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Ақмахан Ғазиза Оңалбекқызы сөз сөйледі.

 

«Кітапхананың жаңа келбеті: цифрлық формат және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапхана істерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Жакипбекова Гүлбану Боранбайқызы баяндама ұсынды.

 

«Оқимын, түсінемін, сезінемін: оқу сауаттылығы және психология» тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, психолог Тайғанбекова Шынар Мәлімбайқызы қатысушыларға мазмұнды баяндама жасап, тәжірибелік тренинг өткізді.

 

Форсайт-сессияның қорытынды бөлімінде облыстық кітапханалар арасындағы сабақтастық пен ынтымақтастықтың символы ретінде кілт табыстау рәсімі өтті. Рәсім барысында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жунускулова Мадина Даниярқызы символдық кілтті қабылдап алды.

 

Маңызды басқосу кітапхана саласындағы жаңа идеялар мен тәжірибе алмасуға, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және болашаққа бағытталған тың бастамаларды талқылауға жол ашты.

 

           

Яндекс.Метрика