Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген белгілі медиаменеджер, «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Ержан Байтілес аймақтық журналистика ардагерлері мен бірқатар мерзімді басылымның бас редакторларымен кездесті.
Өткен келелі кездесуде дәстүрлі баспасөз бен жаңа медианың өзара ықпалдастығы, редакциялардың цифрлық трансформациясы, интернет аудиториясын қалыптастыру және басылымдардың мазмұндық саясатын заман талабына сай жетілдіру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар газет-журналдардың тек қағаз нұсқамен шектелмей, веб-сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы оқырманға қолжетімді болуын, мультимедиалық форматтарды игеруін және сапалы журналистік контент өндіруін маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті.
